Қойнауы қазыналы Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдардан бастау алады. 1936 жылдан бастап облыс орталығы болған Қарағанды қаласына биыл 80 жыл. Минералдарымен және шикізатымен бай болғандықтан аймақтық және өнеркәсіптік шама бойынша ең ірі облыс. Құрамына 9 аудан, 9 облыстық және 2 аудандық қала енеді. Облыстың энергетикасы жергілікті көмірге негізделген. Облыста қуатты екі өнеркәсіптік торап құрылған. Бірі Қарағанды-Теміртау көмір-металлургиялық кешені, оған Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы электр энергетикасы, машина жасау, металл өңдеу, химия, жеңіл, азық-түлік өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары кіреді, екіншісі Балқаш түсті металлургия өнеркәсіптік кешені, ол негізінен мыс кендерін өндіру және өңдеуге тазартылмаған және тазартылған мысты, түсті прокатты, сондай-ақ марганец, қорғасын, мырыш және басқа полиметалл концентраттарын шығаруға маманданған. Осынау кәсіпорындық торап Жезқазган, Балқаш, Сәтпаев, Қаражал қалаларының, Жәйрем, Жезді, Қоңырат, Саяқ, Ақшатау кенттерінің кеніштері мен шахталарын, байыту фабрикаларын, мыс қорыту зауыттарын, өнеркәсіптін химия, азық-түлік және басқа салаларын біріктірген.

Бүгінде аймақта 300-ден астам бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Ең ірілері: «Қазақмыс» корпорациясы ААҚ, «Арселор Миттал» ААҚ, Марганецтің ірі өндірушісі «Жәйрем КБК» ААҚ, Пархоменко атындағы машина жасау зауыты, «Қарағандыкенмаш» НТЭК» ЖАҚ, «Қарағанды құю-машина жасау зауыты» ААҚ, «Техол» ЗПХ ЖАҚ, «Қазкарметавтоматика» ААҚ және басқа кәсіпорындар. Химиялык өнеркәсіпте «Теміртау химия-металлургиялық зауыт» т.б.

Бұл өлкенің өткені мен бүгіні тарих бетінде тайға таңба басқандай. Сонау зұлмат жылдары Қарағанды жерінен ойып тұрып орын алатын оқиғалар өз алдына, кен орындарының ашылуы, кенішті игеру барысында қаланың дамып, Қазақстанның ірі өнеркәсіп, мәдени және ғылыми орталығына айналуы да тарих беттерінде.

Осы аймақты мекендеген қалың ел жер астынан шығып жатқан тас көмірдің жанатын қасиетін білген. Жер бетінде жатқан қара тас түйіршіктері күннің қызуыменен жалындап жанып жататын болған. 1833 жылы Нұра өзенінен оңтүстікке қарай Қарағандыбасы деген жерде Аппақ атты қойшы бала таскөмір кесектерін тапқан. Қаладағы көшенің атауы, шахтаға берілган есімі де осыдан.

Сарыарқаның төрінен табылған бұл қазына орыс көпестерінің құлағына шалынған. ХІХ ғасырдың орта тұсында Қарағанды, Сораң, Өспен, Спасск, Байқоңыр, Жезқазған кен орындары ашыла бастады. Араға көп уақыт салмай С. Попов Берікқара жайлауынан (қазіргі Ақтоғай ауданының жері) мыс, күміс және қорғасынның мол қорын ашады.

1932 жылдардағы халықтың басына түскен жаппай ашаршылық кезінде осы өндіріс қаншама халықты аман алып қалды. Ауыл-ауылдан босқан халық осы Қарағандыға келді. Тарих беттерінде «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын!» деген галошокиншілердің ұраны халықты жаппай қыруы, кеңес үкіметінің кері саясатының арқасында аштық жайлап, қазақ халқының жойылып кетуіне шақ қалғанда,осы өндіріс талай жанды қиындықтан алып шықты. Халық басынан өткен оқиғалар осы Қарағандыны қамтып өтті.

Қарағандылықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласында да, еңбек майданында да жанқиярлық ерлік көрсетті. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен аянбай еңбек етті. Отан қорғауға 45 мыңға жуық азамат қатысып, олардың арасында 18 мың боздақ туған топрағына оралмады. Батыр жерлесіміз Нүркен Әбдіров көзсіз ерлік көрсетіп, Отан үшін жанын қиды.

Майданға жылы киім, азық-түлік жіберіп тұруды қарағандылықтар дәстүрге айналдырды. Сол кездердегі оқиғалар көнекөз қариялардың қөз алдында. Соғыстан кейінгі жылдарда Қарағанды қарыштап дами бастады. Обылыс орталығы көркейді, жаңа шахтылар мен фабрикалар салынып жұмыстар жүре бастады.  

  Қиын жылдарды басынан өткерген қарағандылықтар ел өміріндегі елеулі оқиғалардан тыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдарында қарағандылықтар Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтің басшылығымен экономикалык және әлеуметтік салада тамаша табыстарға қол жеткізіп келді.

«Қазақстан 2050» стратегиясымен қаруланған Қарағанды жұртшылығы болашаққа зор сеніммен қарайды. Жер көлемі үлкен бұл аймақтың әлеуметтік-экономикасы ілгері қарай даму үстінде. Тоқырау жылдары тоқтап қалған өндіріс, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы дамыған үстіне дамуда. Бүгінде Елбасының көрегендігінің арқасында металлургия, кеніштер саласы, жеңіл өнеркәсіп, жеке кәсіпкерлік іске қосылды. Болашақ ұрпаққа аманат болған Сарыарқа төңірегінде қызу еңбектің қазаны қайнауда. «Ел іші-өнер кеніші» демекші, мәдениет, өнер, ғылым салалары қарқынды дамып, «Болашақ» бағдарламасымен жастарымыз шет елдерде білім алуда. Назарбаев зияткерлік мектебі, «Мұрагер», Дарынды балалар мектептері мен спорт мектеп-интернаттары өз шәкірттерін жоғарыдан көре бастады.

Еліміздің көк туын желбіреткен, әлемді өзіне қаратқан Геннадий Головкин, Серік Сәпиев сынды ұлдарымыз ел үшін аянған емес.

Жер қойнауы қара алтынға бай Қарағанды тарих толқындарынан қалыс қалмайды. Әр заманның өз кейіпкері, тарихшысы мен жазушысы өмір өткелдерінен сыр шертеді.

Қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде де Елбасының жолдауы халыққа дұрыс жол сілтеп, «Нұрлы жол», «Болашаққа жүз қадам» бағдарламаларын жүзеге асырып, халықтың әлауқатын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылып келеді. Өндірістің

қазаны қайнаған Қарағанды тоғыз жолдың торабында орналасып, бизнес пен экономиканың дамыуына өз үлесін қосып отыр десе де болады.

Болашаққа ұмтылған қаланың бүгіні мен ертеңі жастар қолында демекші, Елбасы жолдауында кәсіптік-техникалық мамандар тегін білім алуы, осы өндірістің жаңа технологиясын меңгеру үшін білімді, жаңашыл мамандар қажет екендігінің көрінісі. Сондықтан да білім саласында да, өндірісте де жаңашылдық басымдылық көрсетуде. Заманның ағымына қарай болашақ жаңаруды талап етеді. Сондықтан әр жылғы мақсат- міндеттер даму саласына қарай бағытталады.

Қарағанды белді белестерді еңсеріп, артқа тастап, болашаққа ұмтылып, жаңа белестерге қадам басты. Қаланың одан әрі дамуы мен болашағы келер күннің үлесінде.  

 

«Саран қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ мұрағатшысы А.А. Аскеева