Мемлекеттік тіл саясаты – қай уақытта болсын мемлекет тарапынан  баса назар аударар басым бағыттардың бірі. Біз тұтас қоғам болып, ұлтымызға қарамай, мемлекеттік тілді толық меңгермейінше, мықты мемлекет құра алмайтынымызды, мемлекеттік тіл – халықты біріктіруші басты фактор екенін Елбасы әр жылғы Жолдауларында үнемі атап өтеді.

Қазақ тілі Мәңгілік Елдің Мәңгілік Тілі болып бекітілгенін жете ұғынған мемлекеттік мұрағат жүйесінің қызметкерлері мемлекеттік тілді күнделікті қолданысқа енгізуге, қолдану аясын кеңейтуге, мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілде іс жүргізуді дамытуға баса назар аударып келеді. Мұрағат қызметкерлерінің барлығы қазақ тілін меңгерген, мемлекеттік тілде іс жүргізе біледі. Мекемеде Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс шаралар жоспары құрылып, қазіргі уақытта осы жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Мекемелердегі құжаттарды қалпына келтіруде, мекемеаралық қарым–қатынаста, хат – хабар алмасуда, құжаттау мен құжаттаманы басқаруда, құжаттардың құндылығын сараптауда үнемі мемлекеттік тіл қолданылады.

Мекемелерге іс номенклатурасын қалыптастыруда, бұйрықтарды ресімдеуде тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетіледі, іс жүргізушілерге арналған семинарлар өткізіледі.

Ағымдағы жылдың 6 сәуірінде қалалық мәдениет жјне тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп «Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы және мемлекеттік тілде іс жүргізу» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Қазақстан - әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек. Ана тілді жетік меңгермеген ұрпақ, қазақы мінездің қадірін аяқ асты етеді. Бізге Ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан биік парыз жоқ. Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Ол шетел тілінде сөйлесе – тіпті жақсы. Бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып, көміп тастаса – ол кешірілмес күнә. Тарих пен тіл тамырлас.

 

 

А.Томашева,

«Саран қаласының мұрағаты» КММ
мұрағатшысы