Көне салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың ішінен халқымыз үшін ең қадірлісі, рухани, мәдени және адамгершілік тұрғыдан құндысы ғана желісі үзілмей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Сондай қымбат қазыналарымыздың бірі – Наурыз мерекесі. Наурыз – бүкілхалықтық мейрам, Ұлыстың ұлы күні. Халқымыз Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны ерекше тойлауды салт-дәстүрге айландырған.

Наурыз – өз құндылықтарымен қазақтың ұлттық мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Кавказ, Түркістандықтар да тойлайды. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді.   Ата-бабаларымыздың данышпандығы сондай, бұл күнді табиғаттың айрықша белгілеріне орай белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған, себебі бұл – Күн мен түн теңеліп, төрт түлік мал төлдейтін уақыт, табиғаттағы тіршілік атаулыға жан бітетін кезең. Қыс бітіп, көктемнің белгісі жыл құстары келе бастайды. Сол себептен де табиғаттың тылсым күші мен ғалам ғажайыптарын терең таныған ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген.  Тәуелсіздігімізді алғаннан бері Наурыз мерекесі барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкіл халықтық мейрам ретінде мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Халықтың санасында орныққан қасиетті күнді қайта жаңғырту – өткенімізге оралтып, өшкенімізді қайта жаңғыртуға негіз болды.
«Халқым қандай десең, салтынан таны» дегендей, салт-дәстүрлерден ұлттың жүріп өткен жолы, болмысы, тағлым-тәрбиесі, зердесі мен зейіні, даналығы мен шешендігі, парасат-пайымы, сондай-ақ, жаратушы мен жаратылыс, өзін қоршаған жанды, жансыз әлем жөніндегі танымдық, рухани көзқарастары байқалады. Демек, әр халықтың салт-дәстүрі — оның рухани қазығы, мәдениетінің тамыры, тілінің тірегі.Жүректер жылуын таратқан көктем сыйы Наурыз – көпұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын достық мерекесі.
Наурыздың тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, қадір-қасиеттік  белгілері мен ұғымдарының мәні зор. Наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің,  бақыттың мерекесі,сондықтан бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмайды. Наурыз мерекесінде жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім беру, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер шарықтап, жастар осындай жақсы  үрдістен өнеге алған.

Мұрағат мекемесінде мұрағат ұжымы 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күнінде жеті түрлі дәмнен наурыз көже жасап,ұлттық салт дәстүр,әдеп-ғұрыптарды сақтап,Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды.Ұлыстың Ұлы күні ұжымда бір –біріне тек жақсы тілектерін тілейді.

«Саран қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ-нің

мұрағатшы А.А.Қайырбек